22 Желтоқсан, 2017

Ешкіні есі кеткен баға ма?

1929 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматының іргесіндегі ауылда тұрамыз ғой. Бірде есік қаққан бозбала сыпайы сәлемдесіп, «Аға, айып етпеңіз, ауылдарыңызда ешкінің сүтін сататын адам жоқ па?» деп сұрағаны. Сөйтсек әлгі жас жігіттің тұңғышына қосымша қорек ретінде ешкі сүтін ішу керек екен...

Ешкіні есі кеткен баға ма?

Осы қазақта «Есің кетсе, ешкі жи...» деген мәтел бар. Мәтелдің мәнін қайдам, бір кездері, біздің сол «бір кездеріміз» кешегі Кеңес Одағының мысалы ғой, елімізде ешкі өсіруге шындап көңіл қойған аймақтар болған екен. Мысалы, Семей облысының Көкпекті ауданын­да, Алматы облысының Жамбыл ауданын­да ешкі фермалары болған деседі. Ферма болғанда да, бұл шаруашы­лық­тарда ешкіні бақыртып бағу ғана емес, будандастыру мен етті, сүтті, түбітті тұқым өсіру үшін ғылыми зерттеу жұ­мыстары да жүргізілген. Деректер біздің ғалымдардың Американың «ангор» ешкісін қазақ топырағына әкеліп, оны ауылдағы ешкімен будандастырып, жергілікті табиғатқа бейім, түбітті жаңа түр шығарғанын әйгілейді. Алматыға жақын Мыңбаев ауылында әйгілі қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу инс­титуты орналасқаны белгілі. Осы мекеменің мамандары Орынбордың түбітті ешкісін әкеліп, еліміздің оңтүстік-шығыс өңірлеріне бейімделген көкшіл түсті, түбітті ешкінің түрін дүниеге әкелген екен. 

Бірақ қазіргі күні ешкім ешкі қырқып, оның түбіті мен қылшығын теріп жүргені шамалы. Сырттан келетін жеңіл өнеркәсіп өнімдері, әсіресе Қытайда шығатын тұрмыстық заттар мен киім-кешектің орасан тасқыны бүгінде қазақ әйелінің қолынан ұршығын тастауға мәжбүр еткені жасырын емес. Бірлі-жарым ауылдағы ескі көз болмаса, жіп иіріп, жүннен шұлық тоқымайтын болды. Жалпы, ешкі туралы ептеп айтқанның өзінде, бұл тұтас қой шаруашылығын дамытуға қатысты өзекті мәселелерді қозғайды. Оның ішіндегі ең соқталысы дайын өнімді игеру жайы. Уақ малдың етінен басқа өнімі іріп-шіріп қалып жатыр. Жүн – анау, тері – мынау...

Және қазір жылқы етінің өзін сирек жейтін қазаққа ешкі өнімі тым таңсық. Әрі оны емдік мақсатқа болмаса, былай сүйсініп жейтін ауыз бұрын да болмаған-ды, енді сірне үшін демесеңіз... Ешкінің еті мен майында тотыққан май қышқылдарының көп болуының әсерінен ол жылдам қатып қалады екен. Бұрынғылар мұны «Ешкі етінде жел бар...» деп түсіндірген. 

Есесіне ешкі сүтінің қасиеті мол. Ғылыми дәлелдерге жүгінсек, ешкі сүтінде сиыр сүтіндегідей аллергияны қоздыратын «альфа-S1» казеині мүлде жоқ екен. Біздің ұққанымыз мынау: анау «альфа-S1» казеині деген адам ағзасына кері әсер ететін белок, ақуыз. Және сүт құрамында альбуминнің мол көлемі болуына байланысты, сұйықтық құрамдас бөліктерге тез ыдырайды. Яғни қорытылмаған күйінде емес, ұсақ үлпектер түрінде ұйиды. Сондықтан ол ағзаға жеңіл сіңіп, ас қорыту жүйесінің бұзылуына жол бермейді. Әрі ешкі ағарғанының құрамындағы лактоза мөлшері сиыр сүтінен 13 пайызға, ал ана сүтінен 41 пайызға кем екен. Яғни медицинада лактоза жетіспеушілігі бар науқасқа ешкі сүтін ішуді ұсынатыны содан болса керек. Әсіресе жас балаға ешкінің сүті мың да бір ем. 

Тағы бір пайдасы, ешкі сүті адам ағзасының тіндерінде холестерин жиналуына қарсы қорғанысты арттырады. Біз қазір осы холестериннің көбеюінен қорқып, қой етін жеуден мүлдем бас тартық. Мұның кесірі де қой шаруашылығын дамытуға тиіп жатқаны өз алдына бөлек әңгіме. Ғалымдарға жүгінсек, ешкі сүтінің құрамында кальций мөлшерінің мол болуы жүрек, қан тамырлары жүйесіне оң әсер етеді-мыс. Асқазан ауруларында, қан аздыққа, көздің нашар көруіне, диатезге ешкі сүті таптырмас ем дейді...

...Жас әкенің баласы үшін ауыл аралап, ешкінің сүтін іздеп жүргенін енді түсінген шығарсыз. Сол ешкі сүтін сататындар шынымен Алматы маңында бар екен. Және олар біз көгендейтін секеңдеген айыртұяқты емес, немістің атақты «Заанен» деген асыл тұқымды сүтті ешкілерін бағады. Сексек атаның бұл баласы бір сауғанда 2-3 литрге дейін сүт береді. Ал сүттің литрі қымбат, сұра­нысқа қарай бағасы 600 теңгеден 1500 теңгеге дейін. Табыс көзі ме?!

Енді ойланайық, ешкіні есі кеткен ғана баға ма? Статистиканың ескілі-жаңа мәліметі бойынша бүгінде дүние жүзінде 1 млрд шамасында ешкі малы бар екен. Уақ жандықтың үлесі жөнінен Қытай мақтана алады. Жуңго жұртында 180 млн-нан астам Сексек ата тұқымы жайылып жүрген көрінеді. Сондай-ақ Үндістанда 130 млн бас, Пәкістанда 50 млн, Бангладеште 40 млн, Иран мен Нигерияда 30 млн, Судан, Эфиопия, Индонезия мен Сомалиде де 20 млн ешкінің маңырағаны естіледі дейді. Бізде бар-жоғы 2 млн ешкі есепке іліккен...

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»